ГЛОССАРИЙ


     Абстракция – экономикалық талдаудан іске қатысы жоқ құбылыстарды және экономикалық емес жайттарды ескермеу.
     Агрегаттау – жекелеген бірліктерді немесе мәліметтерді біртұтас көрсеткішке біріктіру. Мысалы, жекелеген тауарлар мен қызметтердің барлық бағалары бағалар деңгейі болып жалпы бір көрсеткішке бірігеді немесе өнімдердің барлық бірліктері нақты жалпы ішкі өнімге агрегатталады.
     Ағымдық операциялар есебі – тауарлар мен қызметтердің экспорты мен импорты, инвестициядан алынатын таза табыс және трансферттік төлемдердің таза көлемі тіркелетін елдің төлем балансының бір бөлімі.
     Адам капиталына инвестиция салу – кәсіпорынның өз жұмысшылары-ның еңбек өнімділігін көтеру үшін (олардың біліктілігін көтеру және қабілеттіліктерін дамыту жолымен) жасайтын кез-келген іс-шаралары: жұмысшылардың білім деңгейін, денсаулығын жақсарту шығындары.
     Адам капиталы теориясы – жалақыдағы айырмашылықтар адам капиталына, яғни адамның білімін жетілдіруге құйылатын инвестициялардың салдары деп түсіндіретін тұжырымдама.
     «Азия жолбарыстары» – Гонконг, Сингапур, Оңтүстік Корея және Тайвань сияқты Азияның жаңа тез қарқынмен дамып келе жатқан индустриалдық елдері.
     Актив – фирманың немесе жекелеген тұлғалардың меншігіндегі ақшалай құны бар барлық заттардың жиынтығы.
     Акциз – нақты бір тауарды немесе белгілі бір тауарлар көлемін сатып алуға жұмсалатын шығындарға салынатын салықтар.
     Ақша – тауарлар мен қызметтердің өзара айырбасына қажетті қолданы-латын абсолютті өтімділікке ие ерекше құрал немесе тауарлардың тауары.
     Ақша айналымының жылдамдығы – тауарлар мен қызметтерді сатып алуға қажетті айналымдағы ақша массасының жылына қанша рет айналатын-дығын көрсететін сан.
     «Ақша тәріздес» (квази-ақшалар) – қаржылық активтер, олардың ең маңыздылары болып қысқа мерзімді жинақ депозиттері, жедел салымдар, қысқа мерзімді мемлекеттік бағалы қағаздар, жинақ облигациялары табылады; айналым құралы болып табыла алмайтын, бірақ ақшаға тез айнала алатын құралдар.
     Ақша ұсынысы – экономикада өндірілген жиынтық өнім көлемі­нің айналымы үшін қажетті ақша жиыны немесе айналыстағы қолма-қол ақшалар мен талап етілгенге дейінгі депозиттердің қосындысы.
     Ақшаға жалпы сұраныс – келісімдер жасау және активтерге сұраныс білдіру үшін қажетті ақшаға сұраныстың сомасы.
     Ақшалай капитал – инвестициялық тауарларды сатып алу үшін қажетті қолдағы бар ақшалар.
     Ақшалай нарық – пайыз мөлшерлемесінің белгілі бір деңгейінде ақшаға сұраныс пен ақша ұсынысының теңесуі орын алатын нарық.
     Ақшаның құны – ақша бірлігіне айырбастауға болатын тауарлар мен қызметтердің жалпы көлемі; ақша бірлігінің сатып алушылық қабілеті; бағалар деңгейіне кері шама.
     «Ақылдың қашуы» - көп пайда табу және ең жақсы жұмыс жайларын табу мақсатында білімі мен біліктілігі жоғары мамандар мен жұмыскерлердің елден кетуі.
     Алыпсатарлық – пайда табуға бағытталған сатушының немесе сатып алушының қайта сату бойынша әрекеттері.
     Амортизация – негізгі капиталды тұтыну.
     Аралық өнімдер – қайта сату, алғашқы өңдеу немесе дайындау үшін сатып алынатын тауарлар.
     «Арзан» ақшалар саясаты – экономикалық белсенділікті көтеру үшін айналымдағы ақша массасын ұлғайту саясаты.
     Артықшылық – берілген бағалар (тепе-теңдік бағадан жоғары) кезінде тауардың ұсыныс көлемінің оған деген сұраныс көлемінен артып кетуін білдіретін шама.
     Асимметриялық ақпарат – нарықта сатушының (сатып алушының) сатып алушыға (сатушыға) қарағанда тауарлар немесе қызметтер туралы аса маңызды ақпараттарға ие болу жағдайы.
     Атаулы жалақы – жұмыскердің жұмыс уақытының бірлігіне (сағатына, күніне және т.б.) алатын ақшалай табысының көлемі.
     Атаулы пайыз мөлшерлемесі – елдегі инфляция қарқынын ескермейтін банктің тағайындаған ағымдағы нарықтық пайыз қойылымы.
     Атаулы табыс – жекелеген тұлғалардың және топтардың белгілі бір нақты уақыт аралығында тапқан табыстарының ақшалай көлемі.
     Ашық нарықтағы операциялар – мемлекеттің орталық банк арқылы айналымдағы ақша массасын реттеу үшін бағалы қағаздарды сату және сатып алу әрекеттері.
     Ашық экономика – тауарлар мен қызметтердің экспорты мен импортын жүзеге асыратын елдің экономикасы.
     Әлеуетті бәсекелестік – салада жұмыс істейтін фирмаларға жо­ғары экономикалық пайда алуды қамтамасыз ететін жаңа фирмалар­дың сол салаға кіру мүмкіндіктері.
     Әміршіл-әкімшіл экономика – барлық материалдық ресурстар мемлекеттік меншікті құрайтын және экономикалық қызметтің бағы­ты орталықтандырылған экономикалық жоспарлау жолымен жүзеге асырылатын шаруашылықты ұйымдастырудың бір әдісі.
     Әріптестік – екі немесе одан да көп тұлға иелік ететін және басқаратын корпоративтік (акционерлік емес) емес фирма.
     «Әртүрлі тең жағдайларда» болжамы – қарастырылып отырған айнымалыдан басқа барлық басқа айнымалылардың өзгеріссіз қалуын болжау.
     Баға – тауарлар мен қызметтер бірлігіне алынатын және төленетін ақша (немесе басқа тауарлар мен қызметтердің) саны.
     Бағалық емес бәсеке – фирмалардың өнімнің сатылу көлемін ұлғайту мақсатында қолданатын әдістері. Оларға өнімді ерекше­лендіру, жарнама және өткізуді ынталандыру бойынша шаралар жатады.
     Бағалық кемсітушілік (дискриминация) – сапасы мен шығын­дары бір-дей тауарды әртүрлі бағамен әртүрлі тұтынушыларға сату тәжірибесі.
     Бағаның төменгі шегі – тепе-теңдік бағадан жоғары үкіметтің бекіткен минималды бағасы.
     Баж – импортталатын тауарларға салынатын салық.
     Базистік жыл – бағалар индексін басқа жылдарда орын алған бағалармен салыстыру үшін негізге алынып қолданылатын жыл.
     Баламалы шығындар – өнімдердің белгілі бір құнын өндіру үшін бас тартуға тура келетін басқа өнімдердің құны.
     Бартер, бартерлік сауда – бір тауарды немесе қызметті басқа бір тауарға немесе қызметтің түріне табиғи айырбастау.
     Бәсеке – нарықта пайда табу және пайдалылық көру мақсатында бақталастыққа түсетін тәуелсіз сатып алушылар мен сатушылардың үлкен санының орын алуы және олардың нарыққа еркін кіріп одан шығып кете алу мүмкіндіктері.
     Бірлік икемділік – икемділік коэффициенті мәнінің 1-ге тең болу жағдайы; сұраныс немесе ұсыныс шамасының пайыздық өзгеруінің бағаның пайыздық өзгеруіне тең болуы.
     Бірін-бірі алмастырушы тауарлар (субститут тауарлар) - бір тауардың бағасы мен екінші бір тауардың көлемі арасында тура байланыс орын алатын тауарлар немесе қызметтер, яғни бір тауар бағасының төмендеуі немесе жоғарылауы екінші бір тауар көлемінің қысқаруына немесе жоғарылауына алып келуі.
     Бірін-бірі толықтырушы тауарлар (комлементарлы тауарлар) – бір тауардың бағасы мен екінші бір тауардың көлемі арасындағы кері қатынасы бар тауарлар немесе қызметтер, яғни бір тауар бағасының төмендеуі немесе жоғарылауы екінші бір тауар көлемінің жоғарылауына немесе қысқаруына алып келуі.
     Бюджет тапшылығы – белгілі уақыт аралығында мемлекеттік бюджет шығындарының оның кіріс көздерінен асып кету жағдайы.
     Валюта – қағаз және металл ақшалар.
     Валюталық бағам – бір ел валютасының екінші бір елдің валютасына шаққандағы құны.
     Валюталық бақылау – үкіметтің ел азаматтары мен фирмалардың шетел валютасына деген сұраныстарын және төлем балансы тапшылығын жою үшін өздерінің сыртқы төлемдерін шектеу мақсатында валюталық бағамдарды қадағалап отыруы.
     Валютаның айырбас бағамы – меншікті ұлттық валютаның шетел валютасының бірлігіне төленетін бағасы.
     Гиперинфляция – бағалар деңгейінің өте жылдам қарқынмен шарықтап өсу құбылысы.
     ҒЗТҚЖ (НИОКР) – ғылыми-зерттеушілік және тәжірибелік-құрастырым жұмыстары.
     Дәстүрлі экономика – шектелген экономикалық ресурстарды қолдану-дың тәжірибесі ғасырлар бойы жинақталған және атадан балаға қалған салт-дәстүрлермен анықталатын экономикалық жүйе.
     Девальвация – валютаның заңдық тәртіппен бекітілген құнының төмендеуі.
     Дедукция – жалпыдан жекеге қарай ой түйіндеу және қорытынды жасау.
     Дезинфляция – инфляцияның өсу қарқынының бәсеңдеуі немесе оның толық тоқтатылуы.
     Демпинг – тауарларды олардың өзіндік құнынан төмен қылып басқа елде сату.
     Дефляция – экономикадағы бағалардың орташа деңгейінің төмендеуі.
     Дотация (демеуқаржы) - өнімді өндіру мен өткізуге жұмсалған шығын алынған пайдамен, табыспен өтелмейтін залалды кәсіп­орындарды қаржылай қолдау үшін бюджеттен бөлінетін ақшалай қаражат; мемлекеттің зияндарды өтеу үшін не басқа да мақсаттарға арнап азаматтарға, жекелеген ұйымдарға қосымша төлем ретінде беретін ақшалай жәрдемі.
     Дүниежүзілік банк – құрамына 151 мемлекет кіретін, дамушы елдерге олардың дамуын қамтамасыз ету үшін қарыздар беретін және кепілдемелер ұсынатын банк; Халықаралық қайта құру және даму банкі.
     Дүниежүзілік сауда ұйымы – келіссөздердің Уругвайлық раунды үдерісінде 1944 жылы ГАТТ шеңберінде құрылған ұйым.
     Екі жақты монополия – жалғыз сатушы-монополистке жалғыз ғана сатып алушы-монопсонистің бір-біріне қарсы тұра алуын сипаттайтын нарықтың ерекше жағдайы.
     Еңбек – тауарлар мен қызметтер өндірісіне қолданылатын адамдардың физикалық және ой қабілеттіліктері.
     Еңбек өнімділігі - өнімнің жалпы көлемінің соның өндірісіне жұмсалған еңбек санына қатынасы; еңбектің орташа өнімі немесе бір жұмысшының бір сағатта орындайтын еңбегінің нәтижесі.
     Еңбек сиымды тауар – өндірісіне салыстырмалы түрде еңбек ресурсы-ның көлемі көбірек жұмсалатын өнім.
     Ереуіл – жұмысшылар тобының (кәсіподақтың) өзара ұйымдасып жұмысты тоқтатуы.
     Еуропалық одақ – жұмыс күші мен капиталдың еркін қозғалуын қалыптастыру, жалпы экономикалық саясатты жүргізу, тауарлардың ағылуына салынатын жалпы кеден тарифтері мен импорттық квоталарды біртіндеп жою үшін 1958 жылы құрылған еуропалық мемлекеттер ассоциациясы.
     Жабық экономика – тауарлар мен қызметтерді экспорттамайтын және импорттамайтын елдің экономикалық жүйесі.
     Жалақы – уақыт (сағат, күн, т.б.) бірлігіне шаққандағы еңбек қызметінің қандай да бір түрін қолданғаны үшін төленетін бағасы немесе төлем.
     Жалпы жеке ішкі инвестициялар – машиналар, құралдар, саймандар, ғимараттар сияқты өндіріс құрал-жабдықтарын өндіруге және тауарлы-материалдық қорларды толтыруға кететін шығындар.
     Жалпы ішкі өнім – әдетте, бір жыл ішінде белгілі елдің территориясында қолданылатын ресурстардың көзіне (ішкі немесе сыртқы) қарамастан өндірілген барлық соңғы өнімдер мен қызметтердің жалпы нарықтық құны.
     Жалпы өнім – фирманың өндірген нақты тауарының немесе қызметінің жалпы көлемі.
     Жалпы ішкі өнім дефляторы – атаулы жалпы ішкі өнімнің нақты жалпы өнімге қатынасы; нақты жалпы ішкі өнімді өлшеу мақсатында ақшалай (атаулы) жалпы ішкі өнімді түзетіп отыру үшін қолданы­латын барлық дайын тауарлар мен қызметтерге деген бағалар индексі.
     Жалпы ұлттық өнім – әдетте, бір жыл ішінде белгілі елдің ұлттық ресурстарын қолданумен өндірілген дайын барлық тауарлар мен қызметтердің жалпы нарықтық құны.
     Жалпы шығындар – тұрақты және өзгермелі шығындардың сомасы.
     Жаңа енгізілім (инновация) - өндіріске жаңа өнімді енгізу, жаңа өндіріс-тік әдісті немесе бизнесті ұйымдастырудың жаңа нысанын қолдану.
     Жеке қызығушылық – әрбір фирманың, әрбір меншік иесінің, жұмыскердің, тұтынушының өзі үшін қол жеткізілуі тиіс ең жақсы деп саналатын мақсаттарының орындалуы.
     Жеке меншік – жеке тұлғалар мен фирмалардың жерді, капиталды және басқа активтің түрлерін иемденуге, пайдалануға, бақылауға, басқаруға, сатуға және мұраға қалдыруға деген құқығы.
     Жеке сектор – елдегі үй шаруашылықтары мен фирмалардың жиынтығы.
     Жеке табыс – жеке табыс салықтарын төлегенге дейінгі азаматтардың алатын жиынтық табыстары.
     Жеке фирма – бір ғана тұлға иемденетін және басқаратын корпоративтік емес фирма.
     Жер – тауарлар мен қызметтер өндірісі үшін қолданылатын табиғи ресурстар.
     Жетілмеген бәсеке – нарықта монополия, монополистік бәсеке, олигополия, монопсония, олигопсония сияқты құрылымдардың орын алу жағдайы.
     «Жетпіс шамасы» (70) ережесі – 70 санының инфляцияның жылдық қарқынына бөлінуі; бағалар деңгейінің екі еселенуіне қажетті жылдар санын анықтау үшін қолданылатын әдіс.
     Жинақтау – салықтарды төлегеннен кейінгі тұтыну тауарларын сатып алуға жұмсалмайтын табыстың бір бөлігі; қолда бар табыс пен тұтыну шығындары арасындағы айырма.
     Жинақтауға деген орташа бейімділік – салықтарды төлеп болғаннан кейінгі үй шаруашылықтарының жинақтауға қалдырған табысының бір бөлігі; жинақтаудың қолда бар табысқа қатынасы.
     Жинақтауға деген шекті бейімділік – қолда бар табыстың кез-келген өзгеруіндегі жинақтаудың үлесі; қолда бар табыс өзгерісінің жинақтау көлемінің өзгерісіне қатынасы.
     Жиынтық пайдалылық – өнімнің жалпы көлемінің белгілі бір бөлігін тұтынудан алынатын жалпы пайдалылық.
     Жиынтық сұраныс – экономикада әртүрлі бағалар деңгейінде өндірілген жиынтық өнім көлеміне экономикалық субъектілердің жұмсайтын жиынтық шығындары.
     Жиынтық ұсыныс – бағалардың әрбір деңгейінде ұсынылуы (өндірілуі) тиіс тауарлар мен қызметтердің жалпы көлемі немесе экономикада өндірілген нақты жалпы ішкі өнім көлемі.
     Жұмыс күші – он алты жастан бастап және одан жоғары жастағы жұмыс істейтін азаматтардың және жұмыссыздардың жалпы саны; еңбекке жарамды барлық экономикалық жағынан белсенді халық.
     Жұмысбастылық деңгейі – жұмысы бар азаматтардың жұмыс күшінің жалпы санындағы үлесі.
     Жұмыссыздық – еңбекке жарамды халықтың белгілі бір уақыт аралығында белгілі бір себептермен жұмыс істемеуі немесе жұмыс таба алмау жағдайы.
     Жұмыссыздық деңгейі – жұмыс күші құрамындағы жұмыссыз адамдар-дың үлесі; жұмыс күшінің жұмыссыздардың жалпы санына қатынасының жүз пайызға көбейтіндісі.
     Жұмыссыздықтың табиғи деңгейі – толық жұмысбастылық пен ресурстардың экономикаға толық тартылуы жағдайында орын алатын және инфляция қарқынын үдетпейтін жұмыссыздықтың қалыпты деңгейі.
     Икемділік коэффициенті – сұраныс (немесе ұсыныс) көлемінің пайыздық өзгеруінің тауар бағасының пайыздық өзгеруіне қатынасының нәтижесі.
     Икемді сұраныс – мәні 1-ден үлкен сұраныс икемділігінің коэффициенті; бағаның пайыздық өзгеруінің сұраныс көлемінің пайыздық өзгеруінен аз болу жағдайы.
     Икемсіз сұраныс – мәні 1-ден кіші сұраныс икемділігінің коэффициенті; бағаның пайыздық өзгеруінің сұраныс көлемінің пайыздық өзгеруінен көп болу жағдайы.
     Икемді ұсыныс – мәні 1-ден үлкен ұсыныс икемділігінің коэффициенті; бағаның пайыздық өзгеруінің ұсыныс көлемінің пайыздық өзгеруінен аз болу жағдайы.
     Икемсіз ұсыныс – мәні 1-ден кіші ұсыныс икемділігінің коэффициенті; бағаның пайыздық өзгеруінің ұсыныс көлемінің пайыздық өзгеруінен көп болу жағдайы.
     Импорт – берілген елдің жеке тұлғаларының, фирмалардың және үкіметтің басқа елдерде өндірілген тауарлар мен қызметтерді сатып алуға жұмсайтын шығындары.
     Импорттық квота – белгілі бір уақыт аралығында елдің басқа елдерден келетін тауарлар көлеміне шектеу енгізуі.
     Инвестициялар – өндіріске, өндіріс құрал-жабдықтарын жинақтауға және материал қорларын көбейтуге кететін шығындар.
     Инфляция – экономикада бағалардың жалпы (орташа) деңгейінің көтерілуі.
     Инфляциялық күтім – жұмысшылардың, фирмалардың және тұтыну-шылардың болашақта бағалар маңызды түрде өседі деп пайымдауы.
     Инфрақұрылым – мемлекетпен қамтамасыз етілетін азамат­тар мен фирмалардың қолданатын күрделі құрылыс түрлері (автомагистральдар, көпірлер, қалалық көлік жүйелері, сумен жабдықтаудың жергілікті жүйелері, әуежайлар, суды тазарту құрылғылары, т.б.).
     Индукция – жекелеген нақты мәліметтерден жалпы қорытын-дыға келу.
     Капитал – өндірістік қызметтің нәтижесінде жасалған және тауарлар мен қызметтер өндірісі үшін қолданылатын кез-келген ресурстар; инвестициялық тауарлар мен өндіріс құрал-жабдықтары түріндегі адамдардың қажеттіліктерін тікелей қанағаттандырмайтын тауарлар.
     Капитал қозғалысының есебі – капиталдың келуі мен кетуі тіркелетін елдің төлем балансының бір бөлімі.
     Капитал сиымды тауар – өндірісінде капиталдың салыстыр-малы түрде едәуір көлемі қолданылатын өнім.
     Капиталдың келуі – осы ел тұрғындарының қолындағы нақты және қаржылық капиталды иемденуі үшін басқа ел тұрғындарының жұмсайтын шығындарының сомасы.
     Капиталдың кетуі – капиталдың жоғары салық салудан, инфляциядан қашу үшін немесе оның инвестициялаудың ең тиімді жолдарын қамтамасыз ету мақсатында дамушы елдерден өнеркәсібі дамыған елдерге ағылуы.
     Кәсіпкерлік қабілет – адамның тауар өндіру үшін ресурстарды белгілі бір үйлесімділікпен қолдана алу, оңтайлы шешімдер қабылдау, өндіріске жаңалықтар енгізу және тәуекелге бару қабілеттілігі.
     Кәсіподақ – өз мүдделерін қорғау және еңбек жағдайларын жақсарту (жалақыны көтеру, жұмыс уақытын қысқарту, т.б.) үшін белгілі бір ұйымға біріккен жұмысшылар тобы.
     Кәсіпорын – тауарлар мен қызметтер өндірісінде (оларды дайындауда және өткізуде) бір немес бірнеше қызметтерді орындайтын фирма қарамағындағы нақты мекеме.
     Кедейшілік – индивид немесе отбасы қажеттіліктерінің қолда бар құралдарынан асып кетуі жағдайы.
     Кейнстік экономикалық теория – капиталистік экономиканың өздігінен ресурстардың толық қамтылуын қамтамасыз ете алмай­тындығын және олардың толық қамтылуына қол жеткізу үшін бюджет-салық және ақша-несие саясаттарын қолдану керектігін түсіндіретін және экономикаға мемлекеттің араласу қажеттілігін жақтайтын көптеген экономистермен мойындалған макроэкономикалық бағыт.
     Классикалық экономикалық теория – капиталистік экономика­ның мемлекеттің араласуынсыз өздігінен ресурстарды толық қолдана алатындығын түсіндіретін ХХ-ғасырдың 30-шы жылдарына дейін көптеген экономистермен мойындалған макроэкономикалық бағыт.
     Коммерциялық банктер – халықтың уақытша бос ақша-қаражаттарын тартып несие берумен айналысатын және банктік операцияларды жүргізуге үкіметтен рұқсаты бар фирмалар.
     Коуз теоремасы – сыртқы әсерлердің мәселесін мемлекеттің қатысуын-сыз өзара мүдделі жақтармен белгілі бір келісімдерге келу арқылы шешуге болатындығын дәлелдейтін теория.
     Көлденең кесінді – өндіріс көлемінің өзгеруіне қарамастан бағалар деңгейінің тұрақтылығы сақталатын жиынтық ұсыныс қисығының көңденең бір бөлігі.
     «Үміт үзген» жұмысшылар – жұмыс таба алмағаны үшін жұмыс күші құрамынан шыққан жұмысшылар.
     Көлденеңінен бірігу – өндірістің белгілі бір кезеңін жүзеге асыратын және бір фирманың меншігі болып табылатын кәсіпорындар тобы.
     Көлденеңінен қосылу – өнімнің белгілі бір түрін өндіретін бірнеше фирмалардың бір фирма олып толығуы.
     «Көрінбейтін қол» – қоғам мүдделерін ең жақсы жағынан қамтамасыз ету және қажеттіліктерді максималды түрде қанағат­тандыру мақсатында фирмалардың және ресурс иелерінің бәсекелес нарықтарда мүмкіндігінше көбірек пайда табуларына итермелейтін ынталары мен күш-жігерлері.
     Қағаз ақшалар – айналым құралы ретінде қолданылатын қағаз белгілері.
     Қалыпты пайда – фирманың өзінің кәсіпкерлік қабілетін жүзеге асыруына және өз аумағында ұстанып қалуына мүмкіндік беретін кәсіпкерлік табыстың ең минималды көлемі; жасырын шығындар.
     Қалыпты тауарлар – табыс өскенде (қысқарғанда) тұтынушының кез-келген бағамен үлкен (кіші) көлемде сатып алуға дайын тауарлары.
     Қоғамдық игіліктер – нарық жағдайында өндіріле алмайтын және өндірісі мемлекетпен қамтамасыз етілетін қоғам үшін маңызды пайдалылықтар алып келетін тауарлар немесе қызметтер.
     Қолда бар табыс – жеке табыс салықтарын төлегеннен кейінгі тұтыну мен жинақтауға арналған жеке табыстар.
     Қосарлы есептеу – аралық өнімдер құнын жалпы ішкі өнім құрамында есепке алу.
     Қосылған құн – фирманың сатуға тиіс тауар құны мен сол тауарды өндіруге қолданылған және сатып алынған ресурстар құны арасындағы айырмашылық; жалақы, пайыз, рента және пайда сияқты табыстардың теңдігі.
     Құнның еңбектік теориясы – кез-келген тауар құны оның өндірісіне жұмсалған еңбектің шамасымен анықталатын дәлелдейтін маркстік тұжырымдама.
     Құрылымдық жұмыссыздық – тұтыну тауарларына сұраныс құрылы-мының және өндірістегі технологиялардың өзгеруіне байланысты болатын жұмыссыздық; фирмалар тарапынан кейбір мамандықтарға сұраныстың қысқаруынан немесе мүлдем жоғалуынан сол мамандық иелерінің мәжбүрлі түрде ұзақ уақыт бойы жұмыссыз қалуы.
     Қызмет, қызмет көрсету – тұтынушының, фирманың және мемлекеттің ақшаға айырбастай алатын қолға ұстап, көруге болмайтындардың барлығы.
     «Қымбат» ақшалар саясаты – экономикалық белсенділікті тежеу үшін айналымдағы ақша массасын қысқарту саясаты.
     Күтімдер – тұтынушылар мен фирмалардың болашақта қандай жағдайлар орын алатындығы туралы жеке пайымдаулары.
     Лаффер қисығы – салық мөлшерлемелері мен салықтық түсімдер арасындағы байланысты көрсететін және салықтық түсімдерді максимумға жеткізетін салық мөлшерлемесінің тиімді деңгейін (0-ден 100%-ға дейін) анықтайтын қисық сызық.
     Лоренц қисығы – экономикада тұрғындар табыстарының бөлінуіндегі теңсіздіктерді анықтауға көмектесетін қисық сызық.
     Макроэкономика – экономиканы біртұтас жүйе ретінде зерттейтін және жалпы экономикалық көрсеткіштерді қолданатын экономикалық ғылымның бір саласы.
     Мамандандыру – индивидтің, фирманың, аймақтың немесе мемлекеттің тауарлар мен қызметтердің белгілі бір нақты түрлерін өндіру үшін ресурстарды мақсатты түрде қолдануы.
     Маржинализм – шекті табыстар мен шекті шығындарды салыстыруды зерттейтін шешім қабылдау теориясы.
     Мемлекеттік қаржы – мемлекеттік табыстар мен шығындарды зерттей-тін экономикалық теорияның бір бөлімі.
     Мемлекеттік қарыз – осы уақытқа дейін жинақталған бюджет тапшылықтарының жалпы сомасы; үкіметтік мемлекеттік бағалы қағаздар иелеріне деген қарыздарының жалпы көлемі.
     Мемлекеттік меншік – орталықтандырылған мемлекетке немесе үкіметке тиесілі жер және капитал түріндегі меншіктің белгілі бір нысаны.
     Мемлекеттік сатып алымдар – мемлекеттің соңғы тауарлар мен қызметтерді сатып алуына жұмсайтын ақшалай төлемдері.
     Мемлекеттік сектор – мемлекетпен және үкіметпен бақыланатын ел экономикасының бір бөлігі.
     Мемлекеттің дәрменсіздігі – мемлекеттік сектордың (үкіметтің) өз міндеттері мен қызметтерін экономикалық жағынан тиімсіз әдістер арқылы орындау салдарынан әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шеше алмауы.
     Меншікті капитал – фирманың жиынтық активтері мен жиынтық пассивтері арасындағы айырма; фирма иегерлерінің активтердің жалпы көлеміндегі үлесі.
     Микроэкономика – жекелеген экономикалық субъектілердің нарықтағы мінез-құлықтары мен тәртіптерін зерттейтін және нақты бағаларды, нақты тауарлар мен қызметтерді, жекелеген нарықтарды қарастыратын экономикалық ғылымның бір саласы.
     Монетаризм – кейнстік бағытқа қарсы сын айтушы балама теория; жиынтық өнім көлемі мен бағалар деңгейінің өзгеруі ақша ұсынысының өзгеруіне байланысты екендігін көрсететін бағыт.
     Монополистік бәсеке – нарықта көптеген фирмалар бір-бірінен ерекше-ленген өнімдер шығаратын, бәсекелестіктің бағалық емес әдістерін кеңінен қолданатын, өнімнің сатылу бағасына шектеулі түрде бақылау жасай алатын жетілмеген бәсекенің бір типі.
     Монополия – ұсыныстың жалпы көлеміне және өнімнің бағасына толық бақылау орната алатын нарықта бір ғана сатушының үстемдік жүргізуін сипаттайтын бәсекелестіктің ең шеткі үлгісі.
     Монопсония – нарықта тауарды, қызметті немесе ресурсты жалғыз ғана сатып алушының орын алу жағдайы.
     Мультипликатор – жиынтық сұраныс құрамындағы бір құрауыш­тың (тұтыну шығындарының, инвестициялардың, мемлекеттік шығындардың және таза экспорттың) бір мәрте өзгеруінен тепе-теңдік жалпы ішкі өнім көлемінің бірнеше есе өсуін көрсететін сандық коэффициент.
     Нақты жалақы – жұмысшының өзінің атаулы жалақысына сатып ала алатын тауарлары мен қызметтерінің саны; атаулы жалақының сатып алушылық қабілеті; бағалар деңгейінің өзгеруін есепке алатын атаулы жалақы.
     Нақты пайыз мөлшерлемесі – инфляция қарқынын есепке алатын ақшалай нысандағы пайыздық қойылым.
     Нарық – нақты тауарды немесе қызметті сатушы мен сатып алушыны келістіретін тетік немесе институт.
     Нарықтық жүйе – экономиканы құрайтын өнімдер нарығы мен ресурс-тар нарығы және олардың арасындағы байланыстар; шектел­ген экономикалық ресурстарды осы нарықтарда қалыптасқан бағалармен тиімді бөлуге мүмкіндік беретін, тұтынушылардың, фирмалардың және ресурстар иелерінің қабылдай-тын шешімдері және сол шешімдерді келісу туралы ақпараттарды қамтамасыз ететін тетік.
     Неоклассикалық экономикалық теория – қысқа мерзімді кезеңде бағалар деңгейінің қатаңдығынан макроэкономикалық тұрақсыздықтың орын алатындығын түсіндіретін, ұзақ мерзімді кезеңде икемді бағалар мен жалақыға сәйкес ресурстардың толық қамтылуы қамтамасыз етілетін жалпы ішкі өнім өндірісі кезінде экономиканың тұрақтылығы сақталады деп дәріптейтін теория.
     Несие – төлем мерзімі кейінге қалдырылған, үстеме пайызбен ақшалай немесе тауарлық нысанында берілетін қарыз.
     Нормативті экономика – экономиканың қандай болу керектігін түсінді-ретін адамдардың субъективтік бағалауларына негізделетін экономикалық ғылымның бағыты; экономикалық мақсаттар мен экономикалық мәселелерді айқындайтын ғылым.
     Олигополия – нарықта бірнеше ірі фирмалар стандартталған немесе ерекшеленген тауарлар өндірумен айналысатын, олардың әрқайсысы тауар бағасына айтарлықтай бақылау жасай және шешім қабылдауда бір-бірінің ықтимал реакцияларын ескеріп отыратын жетілмеген бәсекенің бір типі.
     Олигопсония – бірнеше сатып алушыларға ғана әрекет ететін нарықтың жағдайы.
     ОПЭК – мұнай экспорттаушы-елдер ұйымы; шикі мұнайды импортерлер-ге сату бойынша мұнай бағасы мен оның көлеміне бақылау жасап отыру үшін 1960 жылы құрылған, құрамында мұнай өндіруші 13 мемлекет бар халық-аралық картель; мұнайдың әлемдік экспорттының маңызды бөлігі тиесілі елдер картелі.
     Орталық банк – ақша шығаруға құқығы бар және басты қызметі берілген елдегі айналымдағы ақша жиынына бақылау жасау болып табылатын эмиссиялық банк.
     Орташа жалпы шығындар – фирманың жалпы шығындарының өндірілген өнім көлеміне қатынасы; орташа тұрақты және орташа өзгермелі шығындардың қосындысы.
     Орташа өзгермелі шығындар – фирманың өзгермелі шығын­дарының өнім көлеміне қатынасы.
     Орташа өнім – ресурстардың бір бірлігіне шаққандағы өндірілген өнімнің жалпы көлемі.
     Орташа табыс – өнімді сатудан түскен жалпы түсімнің өнім көлеміне қатынасы; жетілген бәсеке жағдайында өндірілген өнімнің бағасына тең шама.
     Орташа тұрақты шығындар – фирманың тұрақты шығындары­ның өнім көлеміне қатынасы.
     Оукен заңы – жұмыссыздықтың нақты деңгейінің толық жұмысбасты-лық жағдайындағы табиғи деңгейінен 1%-ға асып кеткенде нақты ЖІӨ-нің әлеуетті ЖІӨ деңгейінен 2,5%-ға қалып отыруын сипаттайтын қорытынды.
     Өзара тәуелсіз тауарлар – қандай да бір тауардың немесе қызметтің бағасы мен басқа бір тауардың немесе қызметтің сұраныс көлемі арасында ешқандай байланысты тудырмайтын игіліктер; мысалы, бір тауардың бағасы өскенде немесе төмендегенде екінші бір тауарға деген сұраныстың өзгеріссіз қалуы.
     Өзгермелі шығындар - өндіріс көлемінің өзгеруіне байланысты өзгеріп отыратын шығындар, яғни олардың жалпы көлемі фирма өнім өндіруді арттырғанда (қысқартқанда) өсіп отырады (төмендейді).
     Өндіріс факторлары – еңбек, капитал, жер және кәсіпкерлік қабілет сияқты экономикалық ресурстар.
     Өндірістік әлеует – экономиканың қолда бар ресурстарды толық пайдалану кезінде өндіре алатын өнімінің (ЖІӨ-нің) нақты көлемі.
     Өндірістік мүмкіндіктер қисығы – экономикада берілген технология бойынша қолда бар ресурстарды толығымен пайдалану және толық жұмысбастылық жағдайында өндіріле алатын екі тауар­дың немесе қызметтің әртүрлі үйлесімділіктерін көрсететін қисық сызық.
     Өнеркәсібі дамыған елдер – озық технологиялы негізгі капитал­дың үлкен көлемін жинақтауға негізделген және біліктілігі жоғары жұмыс күшін иемденген нарықтық экономикасы дамыған АҚШ, Канада, Жапония және Батыс Еуропа елдері сияқты мемлекеттер.
     Өнеркәсіптік саясат – экономикалық өсуді ынталандыру мақсатында өнеркәсіптің құрылымы мен ұйымдастырылуын қалыптастырудағы үкіметтің тікелей қатысуына және белсенді араласуына негізделген саясат.
     Өнімділік – орташа өнім көлемінің немесе жұмсалған ресурстар­дың бірлігіне шаққандағы нақты өнімнің көрсеткіші. Мысалы, еңбек өнімділігі нақты өндірілген өнім шамасын жұмыс уақытына бөлу арқылы анықталады.
     Өспелі балама шығындар заңы – өнім өндірісін ұлғайтқан сайын сол өнімнің әрбір жаңа бірлігін өндіруге кететін балама шығындардың және шекті шығындардың өсіп отыру үрдісі.
     Өте икемді сұраныс – тауар бағасының өзгеруін талап етпейтін сұраныс көлемінің өзгеруі; тұтынушылардың нарықта өзгермейтін бағамен тауар көлемін сатып алуға деген дайындығын сипаттайтын жағдай.
     Өте икемді ұсыныс – тауар бағасының өзгеруін талап етпейтін ұсыныс көлемінің өзгеруі; тұтынушылардың өзгермейтін бағамен сатып алғысы тауар көлемін сатушылардың сатуға деген дайындығын сипаттайтын жағдай.
     Өте икемсіз сұраныс – тауар бағасының өзгеруі сұраныс көлемінің өзгеруіне алып келмейтін жағдай; кез-келген бағаларда сұраныс көлемінің тұрақты болып қалуы.
     Өте икемсіз ұсыныс – тауар бағасының өзгеруі ұсыныс көлемінің өзгеруіне алып келмейтін жағдай; кез-келген бағаларда ұсыныс көлемінің тұрақты болып қалуы.
     Пайда – табыстар мен шығындар арасындағы айырма; кәсіпкерлік қабілеттіліктерін экономикаға ұсынатындардың алатын таза табыстары.
     Пайдалылық – тауарлардың немесе қызметтердің бір немесе бірнеше қажеттіліктерді қанағаттандыра алу қабілеті.
     Пайыз мөлшерлемесі – ақшаны немесе капиталды пайдаланудың бағасы.
     Позитивтік экономика – нақты деректер мен фактілерге негізделген экономиканың дәл қазіргі жай-күйі.
     Рейганомика – ұсынысқа баса назар аударатын, инфляция мен жұмыссыздықты, яғни стагфляцияны төмендетуге бағытталған Рейган әкімшілігінің саясаты.
     Ренталық табыс – экономиканы жер ресурстарымен қамтамасыз ететін тұлғалардың алатын табыстары.
     Ресурстар нарығы – үй шаруашылықтары ресурстарды сататын және фирмалар сол ресурстарды сатып алатын нарық.
     Ресурстардың шектеулілігі – адамдардың шексіз қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін жер, капитал, еңбек және кәсіпкерлік қабілет сияқты факторлардың жетіспеушілігі.
     Сала – ұқсас тауарларды өндірумен айналысатын фирмалар тобы.
     Салық – үй шаруашылықтары мен фирмалардың үкіметке заңдық тәртіппен төлейтін міндетті төлемдері.
     Салыстырмалы артықшылықтар – қандай да бір тауарды өндіруде басқа өндірушіге қарағанда салыстырмалы түрде ең аз шығын жұмсау принципі.
     Сатып алушылық қабілетінің паритеті – ұлттық валюталардың айырбас бағамдары олардың сатып алушылық қабілетіне тең болатынын сипаттайтын ереже; кез-келген екі валютаның айырбас бағамдарының нақты екі елдегі бағалар деңгейінің айырмашылық­тарын көрсетуі.
     Саяси іскерлік цикл – сайлау науқаны кезінде салықтарды төмендету және мемлекеттік шығындарды арттыру жолымен және сайлау аяқталғаннан кейін салықтарды көтеру мен мемлекет­тік шығындарды қысқарту арқылы үкіметтің экономиканы тұрақ­сыздандыруға деген бейімділігі.
     Соңғы өнімдер – белгілі бір жыл аралығында қайта сату, қайта өңдеу үшін емес, соңғы пайдалану үшін сатып алынған тауарлар.
     Стагфляция – елде өндірістің құлдырауымен және жұмыссыз-дықтың жоғары деңгейімен ұласатын инфляция; бағалар деңгейі мен жұмыссыздық деңгейінің бір уақытта көтерілуі.
     Субвенция (жәрдемқаржы) – мемлекеттің жергілікті билік органдарына беретін ақшалай жәрдемі, яғни ұлттық-мемлекеттік және әкімшілік-аумақтық ұйымдардың бюджеттерін мақсатты түрде қаржыландыру үшін тегін берілетін мемлекеттік қаражаттың тіркелген көлемі.
     Субсидия (көмекқаржы) – мемлекет жергілікті үкімет органда-рына, заңды және жеке тұлғаларға немесе басқа мемлекеттерге мемлекеттік бюджет есебінен беретін көбінесе ақшалай нысандағы көмекқаржылары.
     Сұраныс – сатып алушының белгілі бір уақыт аралығында белгілі бір бағамен тауардың немесе қызметтің белгілі бір көлемін нарықта сатып ала алу қабілеті; төлем қабілеттілігі бар қажеттілік.
     Сұраныс заңы – тауардың бағасы мен оның сатып алу көлемі арасындағы кері байланысты сипаттайтын нарықтық ұстаным.
     Сұраныс қисығы – сатып алушының белгілі бір уақыт аралы-ғында әртүрлі бағамен тауардың немесе қызметтің қандай да бір көлемін сатып алуға деген дайындығын көрсететін қисық сызық.
     Сұраныс инфляциясы – жиынтық сұраныстың өсуімен байланыс­ты туындайтын инфляция.
     Сұраныс көлемі – сатып алушының белгілі бір уақыт мезетінде белгілі бағамен сатып алғысы келетін тауарларының немесе қызметтерінің жалпы шамасы.
     Сұраныстың бағалық икемділігі – тауарға сұраныстың пайыз­дық өзгеруінің оның бағасының пайыздық өзгеруіне қатынасы; тауар бағасының өзгеруіне сұраныс көлемінің өзгеру реакциясы.
     Сұраныстың қиылысқан икемділігі – бір тауарға сұраныстың пайыз-дық өзгеруінің екінші бір тауар бағасының пайыздық өзгеруіне қатынасын білдіретін коэффициент. Коэффициенттің оң мәнді болуы тауарлардың өзара алмастырушылар, ал теріс мәнді болуы тауарлардың өзара толықтырушылар екендігін көрсетеді.
     Сұраныстың табыс бойынша икемділігі – табыс көлемінің пайыздық өзгеруінің тауар бағасының пайыздық өзгеруіне қатынасы.
     Сыртқы қарыз – мемлекеттің шетел азаматтарына, фирмаларына және мекемелеріне деген борышы.
     Сэй заңы – тауарлар мен қызметтер өндірісі (жиынтық ұсы­ныс) соларға тең жиынтық сұранысты тудырып отырады деген макроэкономикалық қағида (шешімін таппаған теория).
     Табыстардың теңсіздігі – елде өндірілген жиынтық табыстың жекелеген тұлғалар мен жанұяларға тең бөлінбеуі.
     Таза бәсеке – стандартты тауарлар сататын фирмалар санының көп болуы, салаға еркін кіріп одан шыға алу мүмкіндіктерінің болуы, жеке сатушының сатылатын тауарының бағасына бақылау жасай алмауы, бағалық емес бәсекенің болмауы, сатып алушылар санының көп болуы сияқты шарттары орындалатын нарықтың жағдайы.
     Таза монополия – фирманың жақын алмастырушысы жоқ ерекше тауарды сатуы, салаға кіру мүмкіндігі жоқтығы, сатылатын өнімінің бағасына толықтай бақылау жасай алуы сияқты шарттар орындалатын нарықтың жағдайы.
     Таза ішкі өнім – жалпы ішкі өнім мен амортизациялық аударымдар арасындағы айырма.
     Таза экспорт – экспорт пен импорттың айырмасы.
     Тарифтік емес тосқауылдар – мемлекеттің елдер арасындағы сауда түрлеріне шек қоюды енгізетін кедергілері: импорттық квоталар, лицензиялар, стандарттар, еркін экспорттық шектеулер, т.б.
     Тапшылық – берілген бағалар (тепе-теңдік бағадан төмен) кезінде өнімге деген сұраныс көлемінің оның ұсыныс көлемінен артып кетуін білдіретін шама.
     Тауарлар нарығы – фирмалар өндірілген өнімдерін сататын және үй шаруашылықтары сол өнімдерді сатып алатын нарық.
     Тепе-теңдік баға – бәсекелес нарықтарда сұраныс көлемі мен ұсыныс көлемін теңестіретін баға.
     Тепе-теңдік көлем – бәсекелес нарықтарда тепе-теңдік баға кезіндегі сұраныс пен ұсыныс көлемі.
     Технология – тауарлар мен қызметтер өндірісі үшін қолдануға болатын білімдер мен тәжірибелер жиынтығы.
     Толық жұмысбастылық – тауарлар мен қызметтер өндірісі үшін қажетті барлық жарамды ресурстарды қолдану; циклдік жұмыссыздық нөлге тең болып, нақты жалпы ішкі өнім өзінің әлеуетті деңгейіне тең болғанда және жұмыссыздықтың табиғи деңгейі ғана сақталатын кездегі жұмысбастылықтың деңгейі.
     Толық емес жұмысбастылық – экономиканың қолданылатын ресурстар арқылы тауарлар мен қызметтердің максималды көлемін өндіре алмауы.
     Төлем балансы – белгілі бір уақыт аралығында шетелдік мемлекеттерге төленген жалпы төлемдер мен шетелдік мемлекет­терден алынған жалпы төлемдер арасындағы айырма.
     Төлем балансының тапшылығы – ағымдық операциялар балансы мен капитал қозғалысы балансының теріс сальдосы.
     Тігінен бірігу – дайын өнім өндірісінің әртүрлі сатыларын жүзеге асыратын бір фирманың меншігі болып табылатын кәсіпорындар тобы.
     Тігінен қосылу – дайын өнімнің әртүрлі сатыларын жүзеге асыратын екі немесе одан да көп фирмалардың біртұтас фирма болып толығуы.
     Тік кесінді – толық жұмысбастылық жағдайында өндіріс көлемінің толық өндірілуін сипаттайтын жиынтық ұсыныс қисығының тік сегменті.
     Туынды сұраныс – дайын игіліктердің сұранысына тәуелді болып табылатын ресурстарға деген сұраныс.
     Тұрақты шығындар – фирманың өндіретін өнім көлеміне тәуелді болмайтын шығындар.
     Тұтынуға деген орташа бейімділік – салықтарды төлеп болғаннан кейінгі үй шаруашылықтарының тұтыну тауарлары мен қызметтерін сатып алуға жұмсайтын табыстарының бір бөлігі; тұтыну шығындарының қолда бар табысқа қатынасы.
     Тұтынуға деген шекті бейімділік – қолда бар табыстың кез-кел­ген өзгеруіндегі тұтыну тауарларына кететін шығындардың үлесі; қолда бар табыс өзгерісінің тұтыну шығындарының өзгерісіне қатынасы.
     Тұтынушылық бағалар индексі – тұтынушының статистикалық орташа есеппен сатып алатын құрамына 300-ден астам тұтыну тауарлары кіретін «тұтыну қоржынының» бағалар деңгейін өлшеу үшін қолданылатын индекс.
     Тұтынушының егемендігі – шектеулі ресурстармен өндірілетін тауарлар мен қызметтердің түрлеріне тұтынушының еркін таңдауы­ның болуы.
     Ұзақ мерзімді тренд – көптеген жылдар аралығында экономика­лық белсенділік деңгейінің көтеріліп немесе төмендеп отыруы.
     Ұлттық табыс – ресурстардың жалпы ішкі өнім өндірісіне қосқан үлесі үшін сол ресурс иелерінің жалақы, пайыз, рента және пайда түрінде алатын жиынтық табыстары.
     Ұсыныс – сатушының белгілі бір уақыт аралығында белгілі бір бағамен тауардың немесе қызметтің белгілі бір көлемін нарықта сатуға деген дайындығы және сата алу қабілеті.
     Ұсыныс заңы – тауардың бағасы мен оның сатылу көлемі арасындағы тура байланысты сипаттайтын нарықтық ұстаным.
     Ұсыныс қисығы – сатушының белгілі бір уақыт аралығында әртүрлі бағамен тауардың немесе қызметтің қанша көлемін сата алатындығын көрсететін қисық сызық.
     Ұсыныс инфляциясы – жалақының көтерілуі мен шикізат бағаларының өсуі салдарынан өндірістің нақты көлемі мен жұмысбастылықтың қысқаруына байланысты жиынтық ұсыныстың төмендеуі нәтижесінде туындайтын инфляция.
     Ұсыныс көлемі – сатушының белгілі бір уақыт мезетінде белгілі бір бағамен сатуға ұсынатын тауарларының немесе қызметтерінің жалпы шамасы.
     Ұсыныс экономикасы теориясы – инфляция мен жұмыссыздық мәселесін шешуде «шығындар» және «жиынтық ұсыныс» ұғым­дарына көбірек көңіл бөлетін қазіргі макроэкономикалық теорияның бір бөлімі.
     Ұсыныстың бағалық икемділігі – тауар ұсынысының пайыздық өзгеруінің оның бағасының пайыздық өзгеруіне қатынасы; тауар бағасының өзгеруіне ұсыныс көлемінің өзгеру реакциясы.
     Үй шаруашылығы – экономиканы қажетті ресурстармен жабдықтайтын және сол үшін ақша алып өз қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында тауарлар мен қызметтерді сатып алатын бір немесе одан да көп тұлғалардан тұратын экономикалық бірлік.
     Үкіметтің трансферттік төлемдері – үкіметтің біржақты жұмсайтын ақшалай көмек шығындары.
     «Үлкен сегіздік» – экономикалық мәселелерді шешу және экономикалық саясатты үйлестіруге талпыныстар жасау үшін басшылары үнемі бас қосып отыратын өнеркәсібі дамыған елдер (АҚШ, Жапония, Алмания, Ұлыбритания, Франция, Италия, Канада және Ресей) тобы.
     Ішкі қарыз – мемлекеттің өз елі ішіндегі азаматтарына, фирмаларына және мекемелеріне деген борышы.
     Филлипс қисығы – жұмыссыздық деңгейі мен бағалар деңгейінің өсуінің жылдық қарқыны (инфляция) арасындағы байланысты сипаттайтын қисық сызық.
     Фискалдық саясат (бюджет-салық) – толық жұмысбастылықты және инфляциясыз ұлттық өнім өндірісін қамтамасыз етуге бағытталған үкіметтің мемлекеттік шығындар мен салық салу тәртібіне заңдық тұрғыдан саналы түрде өзгерістер енгізу шаралары.
     Фрикциондық жұмыссыздық – жұмысшылардың бір жұмыс орнынан екінші бір жұмыс орнына еркін ауысуынан орын алатын қысқа мерзімді жұмыссыздық.
     Халықаралық алтын стандарт – ХІХ-ғасыр мен ХХ-ғасырдың басы аралығында орын алған халықаралық валюталық жүйе, бұл жүйеге сәйкес әрбір ел өздерінің ақша бірліктерінің құнын алтынның белгілі бір шамасымен өлшеп отырды, өздерінің алтын қоры мен айналымдағы ақша массасының тұрақты арақатынасын қолдап отырды және алтынды еркін түрде сырттан әкелуге және оны сыртқа шығаруды қолдады.
     Халықаралық валюта қоры – төлем балансының уақытша тапшылығын көріп отырған елдерге шетел валютасымен қарыз беру үшін және валюта бағамдарын қолдау бойынша іс-шараларды жүзеге асыру үшін екінші дүниежүзілік соғыстан кейін құрылған мемлекеттердің халықаралық ассоциациясы.
     Циклдік жұмыссыздық – жиынтық сұраныстың және шығындардың жеткіліксіздігінен экономикалық дағдарыс жағдайында адамдардың барлық мамандық түрлері бойынша жаппай жұмыссыз қалуы.
     Шекті өнім – ресурстың келесі бір бірлігін (басқа барлық ресурстардың көлемі тұрақты болғанда) қолдану кезінде өндірілген қосымша өнім; жалпы өнім көлемінің өзгеруінің қолданылатын ресурс көлемінің өзгеруіне қатынасы.
     Шекті пайдалылықтың төмендеу заңы – тұтынушының тауар­лар мен қызметтерді тұтынуы барысында әрбір қосымша тұтыны­латын тауар немесе қызметтің шекті пайдалылығының төмендей беруі.
     Шекті пайдалылық – тұтынушының тауардың келесі бір бірлігін тұтынудан алатын қосымша пайдалылығы; жалпы пайдалылық өзгерісінің тұтынылатын өнім көлемінің өзгерісіне қатынасы.
     Шекті табыс – фирманың өнімнің қосымша бір бірлігін сату нәтижесінде жалпы табыс көлемінің өзгеруі; жалпы табыстың өзгеруінің сатылатын өнім көлемінің өзгерісіне қатынасы.
     Шекті шығын - өнімнің келесі бір бірлігін өндіруге кететін қосымша шығындар; жалпы шығындар немесе өзгермелі шығындар өзгерісінің өнім көлемінің өзгерісіне қатынасы.
     Ынталандырушы фискалдық саясат – мемлекеттік шығын­дар­ды арт-тыру және салықтарды қысқарту есебінен үкіметтің жиынтық сұранысты көтеруге және экономикалық белсенділікті арттыруға бағытталған саналы іс-шаралары.
     Экономикадан «жылыстау» - «табыстар-шығындар» ағынынан немесе экономикалық айналымнан жинақтар, салықтар және импорт түріндегі қаржылардың кетуі.
     Экономикаға «қуат беру» – «табыстар-шығындар» ағынына немесе экономикалық айналымға инвестициялар, мемлекеттік шығындар, экспорт түрінде құйылатын қосымша қаржылар.
     Экономикалық интеграция – елдер арасындағы сауда тосқауыл­дарын жою, жалпыға ортақ үлкен нарықты құру үшін әлемнің әртүрлі елдерінің ұлттық шаруашылықтарының бірігуі және ынтымақ­тастығы.
     Экономикалық өсу – нақты жалпы ішкі өнім көлемінің сан жағынан көбеюі мен сапалық жетілдірілуі немесе өндірілген нақты өнім көлемінің жан басына шаққанда өсуі; экономикада қолданылатын өндіріс факторларын ұлғайтудың және техника мен технологияны жетілдірудің нәтижесінде өндірістік қуаттылықтың артуы.
     Экономикалық рента – ұсынысы тұрақты және абсолютті икемсіз болып табылатын жерді және басқа да табиғи ресурстарды қолдан­ғаны үшін төленетін баға.
     Экономикалық саясат – экономикада қажетті нәтижелерге қол жеткізуді мақсат етіп қоятын және жағымсыз құбылыстардың орын алуын болдырмауға қатысты саясатты қалыптастыру.
     Экономикалық талдау – экономикалық ақиқаттылықтың нақты деректерінен экономикалық заңдылықтарды анықтау.
     Экономикалық тиімділік – ресурстардың ең аз шығынымен тауарлар мен қызметтер өндірісінің ең үлкен көлеміне қол жеткізу; өнім өндіру барысында алынатын нәтижелердің сол өнімді өндіруге кететін шығындарға қатынасы.
     Экономикалық цикл (іскерлік ауытқымалы кезең) – экономика­лық белсенділіктің көтерілуінің және төмендеуінің бірқатар жылдар бойы қайталанып отыруы.
     Экономикалық шығындар – айқын және айқын емес шығын­дардың, қалыпты пайданың қосындысы.
     Экономикалық теория (экономикс) – қоғамның шексіз материал­дық қажеттіліктерін максималды түрде қанағаттандыру мақсатында шектеулі экономикалық ресурстарды тиімді пайдалануды зерттейтін қоғамдық ғылым.
     Экономиканың іргелі сұрақтары – не өндіру керек, қалай өндіру керек, кім үшін өндіру керек сияқты кез келген экономикалық жүйенің шешуі тиіс негізгі экономикалық мәселелері.
     Экспорт – ел ішінде өндірілген тауарлар мен қызметтерді басқа елдердің жекелеген индивидтерінің, фирмаларының және үкіметтерінің сатып алу шығындары.