Қартабай Алғағали Тамабекұлы

техника ғылымдарының кандидаты, PhD, профессор



Ғылымға еңбек сіңірген қайраткер, Қ. И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің «Мұнай және газ кен орындарын игеру» кафедрасының профессоры. Халықаралық экология және тіршілік қауіпсіздігін қорғау ғылым академиясының академигі (Санкт-Петербург), Ресей жаратылыстану академиясының профессоры (Мәскеу). 1979 жылы В. И. Ленин атындағы ҚазПТИ-ын «Маркшейдерлік іс», 1987 жылы Алматы халық шаруашылығы институтын «Халық шаруашылығын жоспарлау», ал 2004 жылы Қ.И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ-ін «Мұнай және газ кен орындарын игеру» мамандықтары бойынша бітірген. Академик Ө.А. Жолдасбеков атындағы ҚР ҰҒА Механика және машинатану инcтитутында аға ғылыми қызметкер, аспирант, жетекші және бас ғылыми қызметкер болып жұмыс атқарған. Мемлекеттік басқару органдарында еңбек еткен. 2001 жылдан бүгінгі күнге дейін Қ.И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ-нің «Мұнай және газ кен орындарын игеру және пайдалану» кафедрасында аға оқытушы, доцент, профессор. Қазақ тілінде алғаш рет жарық көрген «Мұнай және газ кен орындарын игеру және пайдаланудың негіздері», «Мұнай-газ жабдықтарын коррозияға қарсы қорғау», «Мұнай және газ өндірудің техникасы мен технологиясы», «Теңізде мұнай-газ кен орындарын игеру» және «Мұнай кен орындарын игеру» атты оқулықтардың авторы. Американдық мұнайшы-экономист ғалым Самуэль А. Вэн Вэктордың «Әлемдік мұнай-газ ісіне кіріспе» атты еңбегін ағылшын тілінен қазақ тіліне бірінші болып аударған. Атақты орыс мұнайшы ғалымдары А. Б. Золотухин, И. Т. Мищенко және т.б. «Шельфте мұнай-газ кен орындарын игеру негіздері және Арктикада теңіз қондырғыларын қондыру» және И. Т. Мищенконың «Мұнайды ұңғылап өндіру» атты оқулықтарын қазақ тіліне тәжімалаған. Ғылымға қосқан зор еңбектері үшін «М. В. Ломоносов атындағы» және «Ғылымға сіңірген еңбегі үшін» ордендерімен, жоғары білім жүйесінің дамуына қосқан үлесі және жоғары оқу орындарына оқулықтар жазудағы еңбегі үшін А. Байтұрсынов атындағы, Техника саласы ғылымы мен білімін дамытыудағы үлкен жетістіктері үшін Еуропалық ғылыми-өнеркәсіптік консорциумының (Германия) Вильгельм Лейбниц атындағы медальдарымен және Мұнай-газ саласын дамытуға қосқан зор үлесі үшін Қазақстан Республикасы Мұнай және газ министрінің алғыс хатымен марапатталған.