ГЛОССАРИЙ


     Абсолюттік қысқару – дененің (сырық, арқалық, т.б.) қысқару шамасы.

Абсолют қозғалыс – нүктенің негізгі санақ жүйесіне қатысты қозғалысы.

Абсолюттік ұзару – дененің (сырық, арқалық, т.б.) ұзару шамасы.

Айнымалы-қайталанбалы күштер – машина бөлшектеріне уақытқа тәуелді болып, периодты түрде қайталанып түсетін күштер.

Аралық – элементке әсер етуші бойлық күштердің өзгеру заңдылығы тұрақты болатын бөлігі.

Аумалы күш – кризистік шамаға тең күш.

Байланыс реакциялары – тіректер мен денелердің өзара әcepi.

Беріліс – қозғалысты бір тетіктен екінші тетікке беруге арналған механизм.

Бейтарап жазықтық – сыртқы күштер әсерінен деформацияланбайтын (ұзындығы өзгеріссіз қалатын) арқалық талшықтарының геометриялық орны.

Беріктік – конструкцияның немесе оның жеке элементтерінің сыртқы күш әсерінен қирамай, бүлінбей сақталу, іске жарамды болу қасиеті (қарсыласу қабілеті).

Беттік күш – конструкция элементтерінің белгілі бір бетіне түсірілген күш.

Болат (парс.) – темірдің көміртекті қорытпасы.

Бойлық күш – сыртқы күштердің әсерінен дененің кез келген көлденең қимасында пайда болатын ішкі күштердің бойлық остегі проекциясы.

Бойлық салыстырмалы деформация – элементтің абсолюттік ұзару (қысқару) шамасының, оның бастапқы ұзындығына қатынасы.

Біліктер – машиналардың айналдыру моменттерін бөлшектерге жеткізуге арналған, қимасы дөңгелек тәріздес сырықтар.

Бұлғақ – поршеннің немесе жылыстаушының қозғалысын иінді біліктің иінтірегіне беретін иінтіректі-жылыстаушы механизмінің бөлшегі

Бұралу деформациясы – дененің кез келген көлденең қимасында тек қана бұрау моменті Мбр) пайда болатын жүктеменің түрі.

Бұранда (Винт – нем. Gewinde) – бұрандалы жұмыр металл, цилиндрлі немесе конус түріндегі бөлшек.

Винт (нем. Gewinde) – бұрандалы жұмыр металл, цилиндрлі немесе конус түріндегі бөлшек.

Гидравлика (грек. Hydraulikos – cулы түтік) – сұйық заттардың қозғалысы мен тепе-теңдігінің заңдары туралы ғылым.

Годограф (вектордың) – берілген нүктеде тұрғызылған вектордың орны.

Деформация (лат. Deformation – форманың бұзылуы) – сыртқы күштің әсерінен дене көлемінің немесе түрінің өзгеруі.

Диаграмма (грек. Diagramma – сурет, фигура) – салыстырылатын шамалардың бір-біріне арақатынасын көрнекі түрде бейнелейтін сызық.

Динамика (грек. Dinamikos – күшті) – күштің әсерінен болатын денелердің механикалық қозғалысы заңдылықтарын зерттейтін ғылым.

Динамикалық күш – шамасы уақытқа байланысты белгілі бір жүйемен өзгеріп отыратын немесе конструкцияларға (олардың элементтеріне) соққы ретінде әсер ететін күш.

Жанама кернеу – толық кернеудің көлденең қима жазықтығындағы белгілі бір осьтегі проекциясы.

Жұмыс – қарастырылып отырған физикалық үдеріс кезінде энергияның бір формадан екінші формаға айналуын сипаттайтын физикалық шама.

Иілу – дененің кез келген көлденең қимасында ию моменті (Мx, My) пайда болатын жүктеменің түрі.

Иінді білік – бір немесе бірнеше бунақты білік, яғни иінтіректің күрделі түрі.

Иінтіректі механизм – қозғалыстың бір түрін екінші түрге айналдыра алатын механизм.

Иінтірек – иінтіректі механизмнің қозғалмайтын білікті толық айналып шығатын буыны (кривошип).

Кинематика (грек. Kinema – қозғалыс) – дененің массасы мен оған әсер ететін күштерді ескермей, тек механикалық қозғалысының геометриялық қасиеттерін зерттейтін ғылым.

Колонна (фрац. Сolonne, латын. Columna) – діңгек (тік түсетін күштерге арналған, салмақ ауырлығын тірейтін элемент).

Консоль (франц. Console) – арқалықтың тіректен біраз шығып тұратын бөлігі.

Көлденең деформация – элементтің көлденең бағыттағы ұзару (қысқару) шамасының оның бастапқы еніне қатынасы.

Көлденең жазық иілу – дененің кез келген көлденең қимасында ию моменті және көлденең күш (Mx,Qy) пайда болатын жүктеменің түрі. Июші күштер басты жазықтықтардың бірінде жатқандағы иілу.

Көлемдік күш – конструкция элементтерінің әр нүктесіне (көлеміне) түсірілген күш.

Қабықша – қалыңдығы басқа өлшемдеріне қарағанда әлдеқайда кіші болатын екі қисық беттермен шектелген дене.

Қадалған күш – конструкция элементтерінің белгілі бір нүктесіне түсірілген күш.

Қарқындылық – бірлік ауданға немесе бірлік ұзындыққа әсер етіп тұрған күш.

Қатаңдық – кез келген дененің деформацияға қарсыласу қабілеті.

Қатаңдық шарты – элементтің нүктелерінің ең үлкен орын ауыстыруы белгіленген мүмкін шамадан аспауы. Мұндай шарт теңсіздік ретінде көрсетіледі.

Қатты дене – көлемі мен түрінің (формасының) тұрақтылығын сақтай алатын дене.

Қауіпті қима – ең үлкен ішкі күш (абсолюттік шамасы) әсер етіп тұрған қима (деформация түріне байланысты).

Қиғаш иілу – сыртқы күштер бас жазықтықтарда жатпайтын иілу.

Қиманың бейтарап сызығы – бейтарап жазықтықтың кез келген көлденең қимамен қиылысу сызығы.

Қысым – денеге әсер ететін күштердің қарқындылығын (интенсивтігін) сипаттайтын шама.

Масса – материяның инерциялық және гравитациялық қасиеттерін анықтайтын физикалық шама.

Массив – үш өлшемдері өзара шамалас денелер.

Материалдар кедергісі – конструкцияларды немесе олардың элементтерін беріктікке, қатаңдыққа және орнықтылыққа есептейтін ғылым.

Материалдарды сынау – арнаулы машиналар мен қондырғылар арқылы материалдардың қасиеттерін (сапасын) анықтау.

«Машина бөлшектері» – машиналар мен құралдардың жекеленген бөлшектерін жасаудың теориясы, есебі мен конструкциясы туралы ғылым.

Машиналар мен механизмдер теориясы – машиналар мен механизмдерді зерттеудің және жобалаудың жалпы әдістері туралы ғылым.

Механика (грек. Mechanike) – денелердің қозғалуы және сол кезде олардың арасында пайда болатын өзара әрекеттестік туралы ғылым.

Модуль (лат. Modulus – өлшем) – нендей бір аса маңызды коэффициенттің немесе шаманың атауы. Мысалы, серпімділік модулі.

Морттық – қатты денелердің сыртқы күштердің әсерінен деформацияланбай (немесе өте аз деформация кезінде) бірден сынып кету қасиеті.

Орталық осьтер – қиманың салмақ (ауырлық) центрі арқылы өтетін остер.

Пластина – қалыңдығы деп аталатын бip өлшемі өзге екеуінен едәyip кіші дене.

Пісіру – түрлі конструкцияларды, жалғасатын жерін балқыту арқылы берік ұстастырудың технологиялық үдерісі.

Поршень – машинаның немесе қондырғының қозғалмалы бөлшегі (цилиндрдің ішімен ілгерілі-кейінді қозғалады).

Серпімділік – сыртқы күштердің әсер етуі тоқтатылғаннан кейін дененің өз түрі мен көлемін бұрынғы қалпына келтіру қасиеті.

Статикалық күш – нөлден бастап, белгілі бір шамаға жеткенше өте жай өсетін және берілген шамаға жеткен соң тұрақты болып қалатын күш.

Сығылу – деформация нәтижесінде дененің (элементтің) сызықтық өлшемінің кемуі.

Сығылу немесе созылу деформациясы – дененің кез келген көлденең қимасында тек қана бойлық күш (N) пайда болатын жүктеменің түрі; егер бойлық күш қимаға қарай бағытталса, онда сығылу, ал қимадан сыртқа қарай бағытталса, онда созылу.

Таза иілу – дененің кез келген көлденең қимасында тек бір ғана ию моменті пайда болатын жүктеменің түрі.

Сыртқы күш – денеге оны сырттай қоршаған ортадан немесе көрші денеден берілетін күш.

Сырық (брус-стержень) – екі өлшемі үшіншісінен әлдеқайда кіші дене.

Созылу – деформация нәтижесінде дененің (элементтің) сызықтық өлшемінің өcyi.

Статикалық момент, инерция моменті – қиманың геометриялық сипаттамалары.

Талдау (анализ) – белгілі бір қағидаға сүйене отырып зерттеу әдісі.

Тензометр (лат. Tensus – кернеулі, тартулы; грек. Metreo – өлшеймін) – деформацияларды зерттеуге арналған қондырғы.

Техника (грек. Techne – өнер, шеберлік) – қызмет құралдарының жиынтығы.

Толық кернеу – көлденең қиманың кез келген нүктесіндегі элементар күштің элементар ауданға қатынасындағы шексіз кіші аудан нөлге ұмтылғандағы шама.

Тік кернеу – толық кернеудің көлденең қима жазықтығына перпендикуляр осьтегі проекциясы.

Тозу – бөлшектің көлемінің, түрінің, массасының сыртқы бетінің және т.б. сыртқы әсерлерден өзгеруі.

Тұрақты күш – шамасы уақытқа байланысты өзгермейтін (уақытқа тәуелсіз) күш.

Тіректер – дененің статикалық тепе-теңдігін қамтамасыз ететін байланыстар.

Уақытша күш – шамасы уақытқа байланысты өзгеріп отыратын (уақытқа тәуелді) күш.

Эпюра – ішкі күштердің, кернеулердің тағы басқа қатынастардың элемент бойындағы өзгеру заңдылығын кескіндейтін график.

Ысырылу деформациясы – дененің кез келген көлденең қимасында тек қана бір көлденең күш (Qx немесе Qy) пайда болатын жүктеменің түрі.

Шкив (голл. Schijf) – екі шеті тұйықталған қайыс немесе арқан кигізілетін жиегі жалпақ доңғалақ.