Page 268 - index
P. 268

Инфляцияның дамуында инфляциялық күтімдер деген құбылыстар
өте үлкен рөл атқарады. Инфляция тек экономикалық себептерден
ғана емес, психологиялық себептерге де байланысты өрши түседі.
Бағалардың өсуін күту тұтынушыларды ақшалардың құнсыздануынан
сақтану үшін тауарларды молынан сатып алуға мәжбүрлейді. Мұндай
жағдайда тұтынушылардың мінез-құлқы дүрлікпе сұраныстың пайда
болуына алып келеді. Инфляциялық күтімдерді басу инфляциямен
күресудің дұрыс бағытын таңдауға көмектеседі. Инфляциялық
күтімдерді алдын алу мемлекеттің инфляцияға қарсы саясатты дұрыс
жүргізе алуына байланысты болып табылады.

   Инфляция мен жұмыссыздықтың өзара байланысы.
   Филлипс қисығы. Кейнстің пікірінше, экономикада рецессиялық
алшақтық (жұмыссыздық пен құлдырау инфляцияны шектейді)
немесе инфляциялық алшақтық (толық жұмысбастылық кезінде
жалақының өсуінен инфляция орын алады) болуы мүмкін. Басқаша
сөзбен айтқанда, жұмыссыздық пен инфляция үдерістері қарама-­
қарсы бағытта дамиды: не инфляция болады, не жұмыссыздық болады.
   Ағылшын экономисі Албан Филлипс (1914-1975) Кейнстің осындай
қорытындысы негізінде жұмыссыздық пен инфляция арасындағы
сандық байланыстың графикалық көрінісін ұсынды (13.1-сурет). Оны
Филлипстің қисық сызығы деп атайды.

                              13.1-сурет. Филлипс қисық сызығы

   Суреттен көріп отырғанымыздай, инфляцияның аса жоғары
қарқыны кезінде (9%) жұмыссыздық деңгейі төмен болады (2%) –
бұл N нүктесі. Ал инфляцияның төменгі деңгейінде жұмыссыздық
өседі – М нүктесі.

   Сонымен, Филлипс қисық сызығы – бұл жұмыссыздық деңгейі
мен инфляция қарқыны арасындағы кері байланысты көрсететін
графикалық кескін.

           268

⇐ МАЗМҰНЫ
   263   264   265   266   267   268   269   270   271   272   273