Page 425 - index Bapaeva
P. 425

Жиырма бес енді келмес албырт жасың,
    Қайратың қиратқандай таудың тасын.
    Алпыс алып, бар күштен тамтық калмай,
    Кәрілік бәрін жеңіп, болар басым.

    Бұл алпыс әуел келіп бастан алар,
    Ағартып, басындағы шаштан алар.
    Жұлын, жота, сегізкөз, жамбас, тізе,
    Онан қалды төмен жақ – астан алар.

    Қартайсаң, нұрлы жүзден шырай кетер,
    Бойдағы жастық қуат бәрі бітер.
    Оқтай түзу мүшеңіз бүкшисе егер,
    Басың бола жаздайды жерге жетер.

    Алпыс жас аяғыңа тұсау салар,
    Мезгілсіз жүру-тұру бәрі қалар.
    Болады андығаның оттың басы,
    Болмаса үйден аттап жерің барар.

    Кәрілік жарасады сәніменен,
    Оның сәні келеді малыменен.
    Жолдасы арқа жылытар, аяқ сипар,
    Жұмсақ төсек, тәтті ас барыменен.

    Жақсы екен кәрілік шіркін жүр демесе,
    Ішіп-же де, жата бер, тұр демесе.
    Тағы да келіспеген бір жері бар,
    Жастардың жиынына кір демесе.

    Кәрілік елден бұрын түсіңді алар,
    Арпа шайнап, ас ішер тісіңді алар.
    Өлмеймін деп дүние үшін өнер қылған
    Ойыңнан түк қалдырмай, есінді алар.

    Онан кейін кәрілік көзіңді алар,
    Құлақ кетіп, аузыңнан сөзіңді алар.
    Белден медет, тізеден қуат кетіп,
    Ең соңыңда аңқайтып өзіңді алар.

                                    425

⇐ МАЗМҰНЫ
   420   421   422   423   424   425   426   427   428   429   430